Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты 19 мамыр күні сағат 10-нан 11-ге дейін ҚҰБ-тың интернет-ресурсы уақытша ажырауы мүмкін

1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Алматыда макроэкономикалық саясат және қаржы нарығындағы мәселелер туралы ғылыми-практикалық семинар өтті

Алматыда «Экономикалық дамудың сын-қатерлері мен перспективалары» тақырыбында Қазақстан Ұлттық Банкінің ғылыми-практикалық семинары өтті.

Семинарға Ұлттық Банк қызметкерлері, академиялық қоғамдастықтың, ғылыми орталықтардың, қаржы және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ экономика және қаржы саласының тәуелсіз сарапшылары қатысты.

Макроэкономика саясаты, ақша-кредит және фиксалдық саясат координациясы саласындағы, сонымен қатар оның нарық ахуалына әсері мен инфляцияны басқарудағы ықпалына қатысты жұмыстар таныстырылды.

«Осы саладағы зерттеулер макроэкономика айнымалыларының өзара байланысу механизмдерін жақсы түсінуге, сондай-ақ тұрақты және теңгерімді экономикалық өсімге қол жеткізудің тиімді құралдарын әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді ҚҰБ Төрағасының орынбасары В.Тутушкин.

Қаржылық тұрақтылық мәселелері де қаралды. Бұл ретте макропруденциалдық саясаттың тиімділігі, сондай-ақ екінші деңгейлі банктерге арналған контрциклдік капитал буферін құру сияқты жаңа құралды енгізуге қатысты қабылдануы мүмкін шараларға баса назар аударылды.

«Экономиканың алда болуы мүмкін шоктарға тұрақтылығы тұрғысынан қарағанда, капиталға серпінді түрде өзгеріп отыратын контрциклдік талаптардың болуы экономикалық жағынан пайдалы екені анық. Зерттеу несие циклінің қай жерде екенін, «қызған»-«қызбағанын» көрсетеді. Сонымен қатар, банктер барлық пікірталасқа белсенді түрде қатысады», – деді ҚҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.

Сонымен қатар, іс-шарада зерттеушілер қаржы нарығына қатысушылардың қызметі, олардың әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігі мәселесі бойынша өз жұмыстарын қорытындылады.

Панельдік сессияларда сарапшылар тұрақты даму және «жасыл» экономика саласындағы зерттеулердің нәтижесін ортаға салды, қаржы алаяқтығына қарсы күрес мәселелерін талқылады.

«Алаяқтыққа қарсы күрес – әлемнің күш біріктіруін талап ететін мәселе. Технологияның қазіргі даму қарқынына қарап, алаяқтықтың өте күрделеніп бара жатқанын байқаймыз. Мысалы, deepfake – адамның суретін қолдану арқылы жұмыс істейтін синтетикалық медианың күрделі түрі», – дейді сарапшы Мария Еселева-Пионка.

Бұдан бөлек, сарапшылар үй шаруашылықтарына жүргізілген стресс-тестілеу және олардың қарыз бойынша міндеттемелерін орындаудағы тұрақтылығына байланысты қорытынды мәліметтерді таныстырды.

Жалпы, сарапшылар 10 зерттеудің нәтижесін ұсынды, соның ішінде екі зерттеу Ұлттық Банктің зерттеу гранты аясында жүргізілген.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға